3-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ФАРМАЦЕВТИКА ӨНЕРКӘСІБІНЕ АРНАЛҒАН ЖАБДЫҚТАР, ШИКІЗАТТАР ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР» КӨРМЕСІ
3-ШІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ФАРМАЦЕВТИКА ӨНЕРКӘСІБІНЕ АРНАЛҒАН ЖАБДЫҚТАР, ШИКІЗАТТАР ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР» КӨРМЕСІ

ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ИНДУСТРИЯНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ МЕН СЫН-ТЕГЕУРІНДЕРІ KIHE 2025 ЖӘНЕ PHARMATECH KAZAKHSTAN 2025 КӨРМЕЛЕРІ АЯСЫНДА ӨТЕТІН КОНФЕРЕНЦИЯДА ТАЛҚЫЛАНАДЫ

2025 ЖЫЛҒЫ 21–23 МАМЫР АРАЛЫҒЫНДА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «АТАКЕНТ» ҚІЫО АУМАҒЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БАСТЫ ОҚИҒА — 30-ШЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ» – KIHE 2025 КӨРМЕСІ ӨТЕДІ.

 Осы көрмемен қатар дәстүрлі түрде фармацевтикалық нарықтың негізгі қатысушыларын біріктіретін 2-ші мамандандырылған фармацевтикалық PharmaTECH Kazakhstan 2025 көрмесі ұйымдастырылады. Екі жоба бірлесіп, мемлекеттік құрылымдар, бизнес және сарапшылық қауымдастық арасындағы ашық диалогқа арналған тиімді платформа құрайды.  

PharmaTECH Kazakhstan көрмесінің экспозициялық бөлімінде Беларусь, Германия, Египет, Үндістан, Италия, Қазақстан, Қытай, Польша, Ресей, Түркия және Өзбекстан елдерінен 11 мемлекеттің 53 компаниясы қатысады. Келушілер дәрілік препараттардың, нутрицевтиктердің, дәрумен-минералдық кешендер мен биологиялық белсенді қоспалардың кең ассортиментімен таныса алады. Сондай-ақ фармацевтикалық өндіріс үшін арналған шикізат пен ингредиенттер, фармацевтика өнеркәсібіне арналған жабдықтар, өндіріс жобалау технологиялары, таза бөлме жүйелері және дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы тіркеу саласындағы шешімдер ұсынылады.

Алдағы іс-шаралардың назарында — Қазақстандағы фармацевтикалық өнеркәсіп және оның стратегиялық дамуы. Іскерлік бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі — PharmaTECH Kazakhstan 2025 көрмесі аясында өтетін «Қазақстан Республикасының фармацевтикалық саласы: қазіргі жағдайы мен даму келешегі» атты конференция болып табылады. Конференцияда дәрілік заттарды тіркеу және таңбалау, өндірісті локализациялау, баға қалыптастыру мен реттеу мәселелері, логистиканы дамыту және цифрлық технологияларды енгізу сияқты өзекті тақырыптардың кең ауқымы қамтылады.

Конференцияны «Қазақстан Республикасының фармацевтикалық саласы: даму шындығы мен келешегі» атты пленарлық сессия ашады. Бұл сессияға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті, фармацевтикалық дамуды үйлестіруші департаменттер, сондай-ақ «СК-Фармация» мен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының өкілдері қатысады. Сессия аясында қатысушылар фармацевтикалық саланың қазіргі жағдайын талқылап, оның дамуындағы стратегиялық бағыттарды айқындайды.

Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы үш тақырыптық сессия түрінде жалғасады. Әрбір сессия нарық қатысушылары үшін аса өзекті мәселелерге арналады.

Бірінші сессия — «Дәрілік қамтамасыз ету» — баға қалыптастыру, реттеу және халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету стратегиясы мәселелерін қамтиды. ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова модератор ретінде жүргізетін бұл сессияда қатысушылар өңірлік үрдістерді, осы саладағы сын-тегеуріндер мен болашағын талқылайды. Спикерлер қатарында — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, салалық қауымдастықтардың және STADA Kazakhstan, Johnson & Johnson Kazakhstan, Vi-ORTIS сынды ірі халықаралық компаниялардың өкілдері болады.

Екінші сессия — «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қазіргі жағдайда реттеу» — заңнамадағы өзгерістер мен амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесін реформалауға арналады. Ерекше назар децентрализациялау, мемлекеттік және жекеменшік дәріхана ұйымдарына функцияларды беру, сондай-ақ процестің цифрландырылуына аударылады. «ФармМедИндустрия Қазақстан» қауымдастығының президенті Руслан Сұлтанов модератор болады. Пікірталасқа Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының сарапшылары, сондай-ақ AstraZeneca және TEVA Kazakhstan компанияларының өкілдері қатысады.

Тақырыптық баяндамалар бағдарламасын «Дәрілік заттарды таңбалау» атты үшінші сессия аяқтайды. Сессия аясында қатысушылар таңбалау жүйесін енгізудің қазіргі жағдайын, оның реттеушілік және технологиялық аспектілерін, сондай-ақ жеткізу тізбегіндегі қатысушыларға ықпалын қарастырады. Спикерлер қатарында — Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің, «СК-Фармация» компаниясының, «Саламат» дәріханалар желісінің және цифрлық шешімдер әзірлеуші ұйымдардың өкілдері болады.

Негізгі бағдарламадан бөлек, көрме аясында фармацевтика саласының қолданбалы қырларын тереңірек зерделеуге мүмкіндік беретін тәжірибеге бағытталған сараптамалық семинарлар өтеді. WELLGO компаниясы дәрілік заттар, температураға сезімтал жүктер мен медициналық жабдықтардың халықаралық логистикасына арналған семинар өткізеді.
Сонымен қатар, ЛаборФарма компаниясы зертханалық және фармацевтикалық технологиялар саласындағы жаңа шешімдерді таныстыратын семинар ұйымдастырады.

KIHE 2025 және PharmaTECH Kazakhstan 2025 көрмелері — фармацевтикалық саланың кәсіби күн тәртібін қалыптастырып, инновацияларды енгізуге ықпал ететін, сондай-ақ сала ойыншылары арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды салалық шаралар екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Тіркеу серіктесі: «MEDIKER» компаниясы

Іскерлік бағдарламаның стратегиялық серіктесі: «Денсаулық сақтау талдаушылары қауымдастығы» ЗТБ

Бас ТВ-Медиа серіктесі: 1MEDTV Қазақстан телеарнасы

Ресми қолдау көрсетушілер: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы, «СК-Фармация» ЖШС, Қазақстандағы Халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы, «Алматы қаласының медициналық туризм қауымдастығы» ЗТБ, Еуразиялық медициналық қауымдастық, ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы, «Қазақ анестезиологтар және реаниматологтар қоғамы» ҚБ, Қазақ нейромодуляция қоғамы.

Көрменің ұйымдастырушысы: Қазақстандық ITECA көрме ұйымдастырушы компания және оның халықаралық серіктесі — ICA Events компаниялар тобы.